Оқиғадан ешкім зардап шекпеген .
Аргентина президенті Хавьер Милейдің үгіт-насихат шарасы тәртіпсіздікпен аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
La Gaceta басылымының хабарлауынша, оқиға Буэнос-Айрес провинциясындағы Ломас-де-Самора қаласында болған. Мұнда 7 қыркүйекте жергілікті заң шығару органдарына сайлау өтеді.
Милей төбесі ашық көлікте халықпен сәлемдесіп келе жатқанда, демонстранттар оның кортежіне тас пен бөтелке лақтырған. Президентпен бірге сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген әпкесі Карина Милей де жүрген. Осы сәтте жақтастар, полиция және қарсылық танытушылар арасында қақтығыс өршіді. Мемлекет басшысын қауіпсіздік қызметі дереу оқиға орнынан алып шықты.
Президенттің ресми өкілі Мануэль Адорни тәртіпсіздіктерден ешкім зардап шекпегенін мәлімдеп, оқиғаға бұрынғы президент Кристина Фернандес де Киршнердің жақтастарын айыптады.
Айта кетейік, биыл ақпанда оппозиция Милейге криптовалюта жарнамасына байланысты импичмент жариялауды талап еткен. Ал наурызда Буэнос-Айресте зейнеткерлерді қолдау мен тұрмыс жағдайын жақсартуды талап еткен жаппай наразылық акциясы өткен.