Швеция астанасында мектеп оқушыларына арналған жаңа әлеуметтік жоба іске қосылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бағдарлама аясында орта мектептің белгілі бір бағыты бойынша оқитын жастарға автомектеп шығындарын өтеу үшін 15 мың крон (шамамен 1600 доллар) бөлінеді, деп хабарлайды AZERTAC сайты.
Бұл "жүргізуші куәлігінің стипендиясы" ең алдымен медбикелік және әлеуметтік жұмыс мамандықтарын таңдаған, сондай-ақ автомобиль және көлік саласы бойынша білім алып жатқан оқушыларға қолданылады.
Жобаның басты мақсаты – жастарды еңбек нарығында тапшы мамандықтарға тарту және жұмысқа орналасу үшін жиі талап етілетін В санатындағы жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік беру.
Бағдарлама алғашқы кезеңде Kungsholmens Västra гимназиясында және Стокгольм көлік-техникалық колледжінде жүзеге асады.
Муниципалитеттің есебінше, жылдық шығындар шамамен 1,3 млн кронды (136 мың доллар) құрайды. Егер бағдарлама аясында сұраныс арта түссе, бұл көрсеткіш 1,8 млн кронға (189 мың доллар) жетуі мүмкін.
Қолдауға ие болу үшін оқушылар екі талапқа сай болуы тиіс: оқу жылының соңында барлық пәннен кемінде E бағасын (ең төменгі өту балын) алу және сабаққа жақсы қатысу.