Білім күнін Ұлытау облысының оқушылары да салтанатты түрде атап өтті. Жаңа оқу жылында Ұлытау облысында 4150 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жезқазған қаласының Қабанбай шағын ауданында 300 орындық жаңа №12 жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді.
Заманауи үлгіде салынған білім ордасында жас ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Кең, жарық мектепте ұстаздар ұжымы жас ұрпақтың дарыны мен қабілетін ашуға бағытталған заманауи әдістемелерді қолданады. Инновациялық оқу ортасы цифрлық құралдармен, зертханалармен, робототехника мен пәндік кабинеттермен жабдықталған. Әр бала түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылық тұрғыда дамуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мектепте кітапхана, акт залы, асхана, спорт залдары, демалыс аймақтары, ойын алаңдары мен шығармашылық студиялар бар.
Ең тиімдісі – ата-анамен серіктестік орнатылып, ашық қарым-қатынас пен әр баланың жеке дамуына бағытталған бірлескен жұмыс жүргізіледі.
Оқу жылы қарсаңында өңірдегі жеті мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, балалардың жайлы әрі заманауи ортада білім алуына жағдай жасады.
2027 жылға дейін реновация бағдарламасы аясында облыстың жалпы 18 білім ошағы кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтеді.
Ұлытау облысы