Қазіргі уақытта аталған іске қатысты 4 күдікті ұсталды.

Жамбыл облысында психотроптық заттарды сатумен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында прокуратураның үйлестіруімен есірткі қылмыстарына қарсы күрес, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және ішкі қауіпсіздік бөлімшелерінің қызметкерлері ұзақ уақыт бойы Алматы қаласынан Жамбыл облысына психотроптық заттарды заңсыз тасымалдаумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топтың қызметін әшкерелеуге бағытталған арнайы операция жүргізді.

Тараз қаласындағы бірқатар дәріханадан келесі заттар анықталып толықтай тәркіленді:

  • 364 ампула күшті әсер ететін трамадол препараты;
  • 1800-ден астам тропикамид;
  • сомнол және димедрол таблеткалары;
  • 17 грамм психотроптық оксивид заты.

4 күдікті ұсталды. Олардың ішінде Тараз қаласының 59 жастағы тұрғыны 2023 жылдан 2025 жылға дейін тыйым салынған препараттарды жеткізу және тарату схемасын ұйымдастырып, оны дәріхана бизнесі ретінде жасырып отырған.

Күдіктілер кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта құқыққа қайшы әрекетке қатысы бар басқа тұлғаларды анықтау және ұстау бойынша шаралар жүргізіліп жатыр.