Белгілі бокс инсайдері Бернардо Пилатти WBO/IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен WBC белбеуінің иегері Карлос Адамес арасындағы біріктіру жекпе-жегі 2025 жылдың соңына қарай өтуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Айта кетейік, тараптар 22 қарашада Сауд Арабиясында айқас өткізу туралы келіссөз жүргізген, алайда қаржылық мәселеде ортақ шешімге келе алмаған. Пилаттидің айтуынша, жекпе-жек АҚШ-та өтетін болса, боксшылар бұдан да төмен сыйақы алуы мүмкін.

«Бұл мәселеге қатысты күмәнім бар. Екеуі ұсынылған ақшаны қабылдамаса, жекпе-жекті ұйымдастыру қиынға соғады. Себебі қаржы аз, ал телеарналардың қолдауы жеткіліксіз. ESPN қазір бокс көрсетілімдерін сиретіп жіберді. DAZN-ның екі боксшымен де байланысы жоқ. Карлос Адамес – PBC боксшысы, ал Жәнібек Әлімханұлы – Top Rank-тің өкілі. Алайда Top Rank келесі жылға дейін трансляция серіктесінен айырылды. Олар алдағы уақытта қай арнамен жұмыс істейтіні әзірге белгісіз. Өз басым бұл жекпе-жек желтоқсанда PBC кардтарының бірінде өтеді деп сенемін. Екеуі де белгілі бір ымыраға келуі керек деп санаймын. Сауд Арабиясында ақша мол, ал АҚШ-та жағдай басқаша. Дегенмен олар келіссөз үстеліне қайта оралып, желтоқсандағы PBC турнирлерінің бірінде орта салмақтағы үш белбеуді біріктіретін жекпе-жек өткізеді деп ойлаймын», — деді Пилатти өзінің YouTube арнасында.

Айта кетейік, Жәнібектің соңғы жекпе-жегі биыл сәуір айында Астанада өтті. Ол кезде қазақстандық боксшы француз спортшысы Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта мерзімінен бұрын жеңген болатын.