Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты дәрігерге тіл тигізіп, бетіне түкірген тұрғынға 117 960 теңге айыппұл салды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға биыл наурызда №3 қалалық емханада болған. Балалар офтальмологына қаралған әйел дөрекілік танытып, дәрігердің бетіне түкірген.
Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша қаралды. Заңға сәйкес, мұндай әрекет үшін 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.
Сотта әйел өз кінәсін мойындамаған. Дегенмен сот оны кінәлі деп танып, айыппұл төлеуге міндеттеді. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.