Оқыс жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Павлодар облысында кеше кешкісін ферроқорытпа зауытындағы балқыту цехының пешінен қалдықтар құлап, салдарынан үш адам жұмыс орнында күйіп қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ақсу ферроқорытпа зауытының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланған мәлімдемеге сүйенсек, зардап шеккендер бірден Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілген.
"Олардың бірі жансақтау бөлімінде, екіншісі стационарда ем қабылдап жатыр. Үшінші жұмысшы амбулаторлық емдеуге жіберілді. Оқиға туралы мемлекеттік органдарға хабарланып, тергеу басталды. Компания тарапынан қызметкерлерге қажетті көмек көрсетілуде", — делінген хабарламада.
Бейресми мәлімет бойынша, жансақтау бөліміне түскен балқытушының денесінің 50%-ын күйік шалып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Бұл ретте Павлодар облыстық полиция департаменті еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Алдын ала болжам бойынша, Ақсу қаласындағы зауыттағы пештен шикіқұрамалық материалдар шыққан. Соның салдарынан үш адамды күйік шалған. Орын алған оқиғаның себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады", — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Бір қызығы, оқыс оқиға орын алға жерге төтенше жағдай қызметкерлері де, жедел жәрдем өкілдері де шақырылмағанға ұқсайды. Бұған не себеп болғаны – белгісіз.