Мәжіліс Қазақстан мен Армения азаматтарының сапары мен елде болу тәртібін реттейтін келісімді ратификациялады.
Құжатқа 2024 жылғы сәуірде Мемлекет басшысының Арменияға ресми сапары барысында қол қойылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Келісім аясында екі ел азаматтары үшін визалық режим жойылады. Бұдан былай Қазақстан мен Армения азаматтары елге визасыз кіре алады. Дегенмен елде 30 күннен астам уақыт болған жағдайда полицияда тіркелу міндеті енгізіліп отыр. Бұған дейін олар 90 күн бойы тіркеусіз бола алатын. Бұл өзгеріс көші-қон бақылауын күшейтуге бағытталған.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, келісім ұлттық заңнамаға сәйкес 90 күннен астам уақытқа қалғысы келетіндерге уақытша тұруға рұқсат алу мүмкіндігін де қарастырады. Жыл басынан бері Қазақстанға 12 мыңға жуық Армения азаматы келген.
Сонымен қатар құжат елге кіру үшін қажетті құжаттардың тізбесін жеңілдетеді:
Армения азаматтары Қазақстанға сәйкестендіру картасымен кіре алады;
Қазақстан азаматтары Арменияға жеке куәлікпен бара алады.
Министрдің айтуынша, бұл тәжірибе Қазақстан азаматтары Ресей мен Қырғызстанға жеке куәлікпен кіретін тәртіпке ұқсас. Жаңа шара визасыз сапарларды жеңілдетіп қана қоймай, паспорт рәсімдеу шығынын да азайтады.