Жүк 40 футтық контейнерлердегі флекстанк арқылы тасымалданды.
Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Нантонг қаласына 156 тонна көлеміндегі алғашқы күнбағыс майы жіберілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жөнелту "ҚТЖ" ҰК" АҚ мен Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының (МДҚӨҰҚ) қолдауымен ұйымдастырылды. Жүк жөнелтуші – Altyn Shyghys май зауыты.
Маршрут Достық – Алашанькоу шекара өткелі арқылы өтеді. Контейнерлер Қазақстан мен Қытай теміржол әкімшіліктерінің техникалық талаптарына сай флекстанкпен жабдықталған. Флекстанк – сұйық өнімдерді тасымалдауға арналған икемді резервуар, ол логистиканы жеңілдетіп, шығындарды азайтады.
Бұл жөнелту – 2025 жылы Чжэнчжоу қаласында өткен сараптамалық отырыстың қорытындысы бойынша іске қосылған пилоттық жобаның бөлігі. Жоба ITC, QazTrade және салалық министрліктердің қолдауымен әзірленген 2026–2028 жылдарға арналған май-тоң май өнімдері экспортының жол картасына енгізілген.
Мақсат – 2028 жылға қарай 1 млрд АҚШ долларынан астам экспорттық түсімге қол жеткізу. Контейнерлік тасымалдар Қытайдан бөлек, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Кавказ елдеріне экспортты арттыруға жол ашады.
– Заманауи логистикалық шешімдер жеткізілім географиясын кеңейтіп, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – деді МДҚӨҰҚ басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов.