Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты.

"Не молчи" қорының басшысы Дина Таңсәріні іздеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Иә, кейіпкер бізге белгілі. Қылмыстық іс қозғалды, көптеген эпизоды бар. Оған іздеу жарияланған, жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, келтірген шығынды өтеуі керек. Заң бәріне бірдей жұмыс істеуі қажет. Заң бұздың ба, жауап беруге тиіссің. Сондықтан қазіргі уақытта іздеу жүріп жатыр", – деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сондай-ақ ол БАҚ өкілдерінің "Күдіктіні Қазақстан аумағына келуіне көндіресіздер ме?" деген нақтылау сауалына жауап берді.

"Әрине, біз оны іздеп жатырмыз", – деп қысқа қайырды Ержан Сәденов.

Еске сала кетсек, 2023 жылы 27 желтоқсанда Ішкі істер министрлігі құқық қорғаушы, "Не молчи" қорының басшысы Дина Таңсәріге іздеу жариялады.