Елордада полицейлер екі тәуліктің ішінде пәтер ұрлығына қатысты істі ашты. Полицияға қала тұрғыны шағымданып, белгісіз біреудің олардың пәтеріне заңсыз кіріп, ақша мен төрт алтын сақинаны ұрлап кеткенін жеткізген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, ұры үй иелерінің жұмыста болуын пайдаланып, күндіз қылмыс жасаған. Қылмыс сәтінде көршілер де, кездейсоқ куәгерлер де күдікті адамның пәтерге кіргенін байқамаған. Жәбірленуші келтірілген жалпы залалды шамамен 1,5 миллион теңге деп бағалады.

"Сарайшық аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жәбірленушілердің 38 жастағы танысы болып шықты. Тергеу барысында ер адамның алдын ала дайындалғаны белгілі болды: ол курьер ретінде келіп, үйде ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп, кілттің көшірмесін жасап алған. Кейін соның көмегімен пәтерге кіріп, ұрлық жасаған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нәтижесінде ұрланған ақша күдікті тарапынан жеке қажеттіліктеріне жұмсалғаны анықталды, ал алтын әшекейлер тәркіленіп, заттай айғақ ретінде алынды", делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ақшаны өз қажетіне жұмсап үлгерген, ал алтын әшекейлер заттай айғақ ретінде тәркіленді.