Энергетика министрлігі мұнай-газ кешені қызметкерлері күні қарсаңында саланың дамуының негізгі бағыттарын атады.

Инвестициялық жобалар, өндіру мен қайта өңдеудің өсуі, энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері аталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрады. 2025 жылы өндіріс көлемі Теңіз кен орнын кеңейту және Қарашығанақ пен Қашаған жобаларын дамыту есебінен 96 млн тонна мұнай мен газ конденсатына жетеді деп жоспарлануда. Қазақстан алғаш рет жылына 100 млн тонна мұнай өндіру деңгейіне шығуға дайындалып отыр, бұл саланың тұрақты дамуын дәлелдейді.

Қазақстанда 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Құжат мұнай өңдеу зауыттарының қуатын қазіргі 18 млн тоннадан 29 млн тоннаға дейін кеңейтуді көздейді. Бұл отын қауіпсіздігін күшейтіп, ішкі нарықтың өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етеді.

Нәтижесінде бензин өндірісі 8 млн тоннадан асады, К5+ экокласты дизель отыны — 9 млн тоннадан артық өндіріледі, ал авиаотын көлемі екі есеге жуық артып, жылына 1,5 млн тоннаға жетеді.

Мұнайхимия – Қазақстан үшін стратегиялық маңызды сала. Ол шикізатты терең өңдеуді, жоғары қосылған құнды өнім шығаруды және жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Өткен жылы 2030 жылға дейінгі мұнай-газ химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді. 15 млрд АҚШ долларын тарта отырып, шамамен 20 мың жұмыс орнын (оның ішінде 4 мыңнан астам тұрақты) құруды қарастыратын 6 ірі жобаны іске асыру жоспарланған.

Негізгі бағыттардың қатарында – бутадиен, полиэтилен және карбамид өндіретін зауыттар салу бар. Әсіресе полиэтилен өндіру жобасы ерекше аталады, ол Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің тарихындағы ең ірі индустриялық бастамалардың бірі болмақ. Жылына 500 мың тонна өнім өндіретін полипропилен зауыты іске қосылды.

Жоспарланған мұнай-газ химия жобаларының іске асырылуы Қазақстанға көмірсутектерді қайта өңдеу тереңдігін айтарлықтай арттыруға, мұнай-химия өнімдері бойынша жаһандық нарықтағы позициясын нығайтуға, ондаған мың жұмыс орындарын құруға және өнеркәсіптің ілеспе салаларының дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді. Мұның барлығы Қазақстан Республикасының тұрақты экономикалық өсіміне және өнеркәсіптік әлеуетінің нығаюына ықпал етеді.