Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысының Жалағаш ауданында өткен "Дала күні – 2025" күріш ору науқанының ашылу рәсіміне қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев та қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жиында ауыл шаруашылығы мен су саласының үздік қызметкерлері марапатталды. Барлығы 35 маман марапатқа ие болды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңір диқандары өз өнімдерін ұсынды.
"Биыл вегетация кезеңі күрделі ауа райы жағдайында өтті. Соған қарамастан, суды әділ әрі тиімді бөлу шараларының нәтижесінде Қызылорда облысындағы күріш алқаптарын сумен қамтамасыз еттік. Дегенмен су үнемдеу технологияларына көшу қажеттілігі әлі де өзекті. Мемлекет заманауи суару жүйелерін жылдам әрі тиімді енгізу үшін барлық қажетті қолдау тетіктерін, соның ішінде субсидияларды ұсынып отыр", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
2025 жылғы вегетация кезеңінде "Қазсушар" РМК Қызылорда филиалы суармалы суды жеткізу бойынша 1042 келісімшарт жасасты. Өңірде суаруға алынған су көлемі — 3,51 млрд текше метр.
Егіс алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін облыстағы "Қазсушар" филиалы мен жергілікті шаруа қожалықтарының күшімен 357 сорғы станциясы орнатылды. Оның ішінде 60-ы – филиалдың есебінен, қалған 297-сі – жергілікті атқарушы органдардың, ТЖМ-нің және диқандардың сорғы станциялары.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің арнайы жұмыс тобы су шаруашылығы жағдайына, каналдар мен су қоймаларының жай-күйіне, судың бөлінуіне және суару кестесінің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізді. Ресурстарды үнемдеу мақсатында коллекторлық-дренажды суды қайта пайдалану тәсілі қолданылды.
Сонымен қатар Қызылорда облысының диқандары су үнемдеу технологияларын белсенді қолдана бастады. Бүгінгі таңда аймақтағы шамамен 75 мың гектар жер су үнемдеу жүйелерімен қамтылып отыр.
Жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде вегетация кезеңінің қалыпты өтуіне қажетті жағдай жасалды.