Бүгін БАҚ-та Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны туралы жалған ақпарат тарады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұған дейін БАҚ-та жарияланған, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен жоғары лауазымды ҰҚК қызметкерінің ұсталғаны жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Желіге тарап кеткен ақпаратты Сыртқы істер министрлігі де шындыққа сай емес екенін айтты. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл әрекетті журналистік этика мен заңға қайшы деп бағалады.

Ал, Балаева министрдің ұсталғаны туралы жалған ақпарат таратқан БАҚ-қа ескерту жасады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да БАҚ пен журналистерді тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.

"Кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда мемлекеттік қызметшілердің ұсталуына қатысты расталмаған ақпарат таралып жатыр. Ақпарат таратқанда оның шынайылығын тексеру міндетті. Кінәсіздік презумпциясы қағидасы және журналистік этика бар екенін естен шығармау қажет", – деп жазды министр.

Сондай-ақ, кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы да хабар тарады. Осыған байланысты кәсіпкердің әйелі жалған ақпарат таратқан сайтты сотқа беретінін айтты.