АҚШ ашық чемпионатында қазақстандықтардан жалғыз Заңғар қалды.

Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ITF Juniors рейтингісінде 54-орында тұрған Заңғар Нұрланұлы ширек финалда жарыстың 13-ракеткасы болып тіркелген ресейлік, 18 жастағы Тимофей Дерепаскомен шеберлік байқасты.

Т.Дерепаско — жасөспірімдер ғана емес, ересектер арасында да ойнап үлгерген теннисші, ол ATP рейтингісінде 925-орында тұр.

Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Заңғар брейк жасай білді. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді — 6:2.

Екінші сетті З.Нұрланұлы брейкпен бастағанымен, соны жалғастыра алмады — 1:1. Дегенмен есеп 3:3 болғанда, қайыра брейк жасап, өз геймін алды — 5:3. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді — 6:4.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсекеде Заңғар батыл өнер көрсетіп, қарсыласының алдын орап кетіп отырды.

Заңғар Нұрланұлы финалға шығу үшін жасөспірімдер арасында әлемнің 1-ракеткасы, болгариялық Иван Иванов немесе германиялық Максим Шонхауестің қай жеңгенімен таласады.

Айта кетейік, З.Нұрланұлы жасөспірімдер арасында қазақстандықтардан осындай табысқа алғаш рет жетіп отыр.