Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

Енді қазақстандықтар несиені бірден ала алмайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

30 қыркүйектен бастап тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздар беру кезінде "шешім қабылдау" кезеңі енгізіледі.

Шешім қабылдау кезеңінің негізгі мақсаты – қарыз алушыға ойланып шешім қабылдауға уақыт беру және соның нәтижесінде асығыстықпен қарыз шартын жасасу немесе алаяқтық схемаларға тартылу ықтималдығын азайту.

Бұл норма Президенттің 2025 жылғы 30 маусымда қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңында бар.

Заңды іске асыру үшін онлайн берілетін кредиттер бойынша уақыт беріледі:

  • 150 АЕК-тен (589 800 теңге) 255 АЕК-ке (1 002 660 теңге) дейінгі сома кезінде банктік қарыз шартын жасасқаннан кейін кемінде 8 сағат;
  • банктік қарыз сомасы 255 АЕК-тен (1 002 660 теңге) жоғары,
  • 75 АЕК-тен жоғары микрокредит (294 900 теңге) сомасы кезінде кемінде 24 сағат;
  • қарыз алушыға ақшаны аударуға тек белгіленген шешім қабылдау кезеңі өткеннен кейін оның несие беруге келісімін алғаннан соң рұқсат етіледі.

Банктер мен МҚҰ қарыз алушыға 1 күн ішінде жалпы сомасы көрсетілген лимиттерден асатын бірнеше несие берілген жағдайда шешім қабылдау кезеңін сақтауға міндетті.

Бұл ретте шешім қабылдау кезеңі тауарлық кредиттер беруге, ішкі қайта қаржыландыруға және төлем картасы бойынша лимит (150 АЕК дейін) шеңберінде қарыздарға қолданылмайды.

Егер қарыз алушы шешім қабылдау кезеңінде кредит алу туралы шешімін өзгертсе, қарыз шарты жойылады және оған кредит қаражаты аударылмайды.

Шешім қабылдау кезеңі тек онлайн-қарыздар үшін қолданылады және азаматтарды алаяқтықтан қорғауға бағытталған.

Қарыз алушыға кредит қаражаты шұғыл қажет болған жағдайда, ол кез келген уақытта банктің немесе МҚҰ бөлімшесіне жүгіне алады және қарызды шешім қабылдау кезеңін қолданбай ресімдей алады.