Семейде де шетелдік білім ордасының филиалы жұмыс істейді, деп хабарлайды 24kz.

Шәкәрім университетінде Быдгощ қаласының Экономика университетінің филиалы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ашылған еді. Бұл бөлім «Спорт және рекреация менеджері» бағдарламасы бойынша 50-ге жуық студентті даярлауда. Бұдан бөлек, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында жастар жыл сайын Америка, Түркия, Корея елдеріне барып, білімін шыңдайды. Шәкәрім университетінде қазір 7 мыңнан астам студент оқып жатыр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Студенттер оқуын Семейде бастап, екінші курсында Польшаның оқу орнында білім алып, кәсіби тәжірибеден өтеді. Үшінші курс студенті Шыңғыс Шаған Польшада оқып келген. Еуропаның он екі елін аралап, кәсіби тәжірибе жинады. Енді үшінші курсты Қазақстанда жалғастырып, оқуын қос дипломмен тәмамдайды.

Шыңғыс Шаған, студент:

- Мен үшін және басқа балаларға да үлкен тәжірибе болды деп ойлаймын. Өйткені біз шетелде еуропалық стандартқа сай білім алдық. Өзімізге бір жаңадан болған пәндерді оқыдық, меңгердік. Жүзу және тағы да басқа спортты меңгердік. Студенттік виза бізге үлкен мүмкіндіктер берді. Мен өзім он екі мемлекетті аралап келдім.

Айта кетейік, шетелдік жоғары оқу орнына түсу үшін арнайы тілдік емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Бағдаралама орыс тілінде жүргізіледі. Оқу құны да қолжетімді.

Шырын Масалимова, Халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы:

- Біз Польшадағы университетпен 5 жылдан бері серіктеспіз. Бұл оқу орнында білім алу студенттердің де қалтасына салмақ түсірмейді. Бағасы қолжетімді. Жылына 940 евро. Оқу аяқталған соң білім алушылар әртүрлі мамандық бойынша екі дипломға ие болады.

Университет проректоры Ерасыл Дулатбайдың айтуынша, студенттер шетелде спорттық іс-шаралар ұйымдастыруды үйреніп, басқару қабілетін шыңдайды. Профессорлық-оқытушылар құрамына да академиялық ұтқырлық аясында тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар.

Ерасыл Дулатбай, Шәкәрім университетінің проректоры:

- Мысалы Польшада жүрген уақытта сондай кең көлемді жарыстарды ұйымдастыруға үйренеді. Яғни, менеджер ретінде бәрін бақылауға, жоспарлауға үйренеді. Енді әрине, біз кадрды күшейту керекпіз. Біздің оқытушы құрам, профессорлық оқытушы құрам оларда академиялық ұтқырлық бойынша өздерінің тәжірибелерін сол елдерде алады.

«Мұндай халықаралық бағдарламалар қазақстандық жастардың көкжиегін кеңейтіп, кәсіби тұрғыда дамуына жол ашады», - дейді оқытушылар. Ал шетелде оқып, әлем елдерін аралаған жастар бүгінде Семейге оралып, алған білімін ел игілігіне жұмсайды.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы