Бұл туралы Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жазды.

Блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты келесі сот отырысы 15 қыркүйекке тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Блогер Ерболат Жанабыловқа ("Элёр" жеке кәсіпкерлігі) қатысты іс лотерея операторы емес тұлға арқылы лотерейлік қызметпен айналысу фактісі (ӘҚБтК 445-1 бабының 6-бөлігі) бойынша қаралып жатыр.

21 тамызда Туризм және спорт министрлігінің құмар ойындар мен лотереяны реттеу комитетіне азамат С.-ның өтініші мен Қаржылық мониторинг агенттігінің заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша хаттамасы келіп түскен. Аталған лотерея Instagram әлеуметтік желісіндегі "zhanabylov_e" аккаунты арқылы өткізілген.

Іс материалдарына сәйкес, Жанабылов аталған парақшада жүйелі түрде ақшалай қаражатты, 10 автокөлікті және өзге де бағалы сыйлықтарды ойнатқан. Ойынға қатысу шарттарының бірі – Жанабыловтың жұбайы басқаратын "Zhana Business" ЖШС-нің "оқыту курстарына" 30 мың теңге төлеу болған. Жеңімпаздар "сәттілік барабаны" құрылғысы арқылы кездейсоқ таңдау әдісімен анықталған, бұл өз кезегінде лотерея қызметінің белгілерін көрсетеді.

"Істі қарау барысында Комитет Жанабыловты оқыту курстарын сату түріндегі лотереяны заңсыз ұйымдастырып, өткізгені үшін ҚР лотерея туралы заңнамасын бұзды деп тануды және оны әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрап, сотқа өтініш білдірді. Жанабыловтың өкілі жеке қаулы шығаруды және әкімшілік істі тоқтатуды сұрады", – делінген хабарламада.

Келесі сот отырысы 15 қыркүйекке тағайындалды.