Astana Finance Days аясында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Оман Сұлтандығының Қаржылық қызметтер басқармасы (FSA) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

FSA капитал нарықтарын, сақтандыру секторын, сондай-ақ бухгалтерлік және аудиторлық қызметті реттеу мен қадағалауды жүзеге асырады.

Құжатқа қол қою рәсімі екі елдің қаржы реттеуші органдары басшылары – Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова және FSA атқарушы президенті Абдулла Салим Аль-Салми мырзаның қатысуымен өтті.

Меморандум Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмыстың нәтижесі болды. Құжатта қаржы технологиялары, инновациялық жобалар, қаржылық білім беру және халықтың қаржылық қолжетімділігін арттыру бағыттарындағы өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ заманауи технологияларды пайдалана отырып қаржы нарығының инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі бірлескен бастамаларды іске асыру көзделген.

Сонымен қатар, өңірлік биржалар арасындағы байланыстарды кеңейтуге және трансшекаралық сауданы жеңілдетуге ықпал ететін Tabadul платформасын қолдау мен дамытуға ерекше назар аударылмақ.