Мемлекетке келтірілген шығын көлемі – 17 млн теңге.
Мұндай заңсыздықтарды Түркістан облысының прокуратурасы анықтаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында бірқатар отбасылар өтініш беру кезінде бір мекенжайды көрсеткені белгілі болды. Бұдан бөлек, 56 өтініш бойынша жалған қорытындылар рәсімделіп, соның салдарынан 9,7 млн теңге заңсыз төленген.
Сонымен қатар 22 отбасы өздеріне тиесілі мүлікті (көлік, жер телімі және басқа да активтер) жасырып қалған.
Тағы 13 отбасы табысын көрсетпей, әлеуметтік төлемдерге заңсыз қол жеткізген.
"Аталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлармен әкімдікке заңдылықты бұзушылықтарды жою және 36 млн теңгеден астам қаражатты қайтару туралы ұсыныс енгізілді. Бүгінгі таңда әкімдік актіні қарау барысында заң бұзушылықтарды жою жөнінде шараларды қабылдап жатыр", – делінген хабарламада.
Ресми статистикаға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны соңғы жылдары біртіндеп азайған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 168 мың адам болса, 2024 жылы 97 мыңға дейін төмендеген.
2025 жылы көмек алушылардың саны 91 мың адамды құраған.