Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапония 15-19 қыркүйек аралығында "Freedom Edge" деп аталатын 5 күндік үшжақты әскери жаттығуды ұйымдастырады, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.

Оқу-жаттығулар Чеджу аралының шығысы мен оңтүстігіндегі халықаралық су айдындарында өтеді.

Үш ел теңіз, әуе және киберкеңістіктегі операциялық мүмкіндіктерін жетілдіру, сондай-ақ өзара әрекеттесуді нығайту мақсатында бірлесіп жаттығады.

JCS мәліметінше, оқу-жаттығуларға әуе қорғанысы, сүңгуір қайықтарға қарсы операциялар, қарақшылықпен күрес және киберқауіпсіздік жаттығулары кіреді.

Өткен маусымдағы алғашқы жаттығулар Солтүстік Корея тарапынан АҚШ бастаған әскери блокты нығайту әрекеті ретінде сынға алынған еді. Алайда JCS бұл жаттығулар Солтүстік Кореяның ядролық және зымырандық қатерлеріне жауап беруге, сондай-ақ аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.

Солтүстік Корея бұрын Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен жаттығуларын "дұшпандық" қадам деп бағалаған болатын.