Алматы қалалық прокуратурасы кейінгі кездері онлайн-платформаларда жалған ақпарат тарату фактілері болғанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Кейінгі уақытта онлайн-платформаларда жалған ақпараттың таралу деректері тіркелді. Осындай жарияланымдардан кейін "Orda" ақпараттық-талдау арнасының бас редакторы Г.А. Бажкеноваға қала прокуратурасы Қазақстан Республикасының "Масс-медиа туралы" Заңының талаптарын ауызша және жазбаша түрде түсіндірді. Сонымен қатар, ел заңдарын бұзудың жол берілмейтіні және қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгені туралы қатаң ескертілді.

Одан бөлек азаматты сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп қасақана жалған айыптау деректері бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 419-бабы 3-бөлігіне сәйкес 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық қарастырылатыны түсіндірілді, – делінген Алматы қаласы прокуратурасының хабарламасында.

Қала прокуратурасы осыған орай азаматтарды және бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының заңдарын қатаң сақтауға және қоғамдық ортада, оның ішінде БАҚ-та жалған, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға қатаң түрде шақырады.