Әлем чемпионатының 1/8 финалында Нұрбек Оралбай қандасымыз Тоқтарбек Таңатханға қарсылас атанды.

Қытай құрамасы атынан өнер көрсететін этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатхан Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан 2025 жылғы әлем чемпионатында алғашқы жекпе-жегін өткізді. Оның 80 келіге дейінгі салмақтағы қарсыласы мексикалық Эмилиано Редусиндо болды.

Бірінші раундта тәжірибесі аздау мексикалық боксшы күтпеген жерден басым түсті – 4:1. Екінші раундта Танатхан таразы басын теңестіріп, үш минуттық кезеңді өз пайдасына жапты – 4:1.

Осылайша, жекпе-жектің тағдырын шешкен үшінші раундта жеңіс Таңатханға бұйырды. Келесі кезеңде ол дебюттік кездесуінде украиналық Матвей Ражбаны айқын басымдықпен жеңген қазақстандық Нұрбек Оралбаймен 9 қыркүйек күні күш сынасады.

Бүгін, 7 қыркүйекте турнирде Қазақстан құрамасының тағы үш өкілі шаршы алаңға шығады. Кешкі сессияда Карина Ибрагимова, Наталья Богданова және Ертуған Зейнуллинов жұдырықтасады.

Естеріңізге сала кетейік, Тоқтарбек Таңатхан 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2022 жылғы жазғы Азия ойындарының чемпионы.