Президент үкімет басшысына инвестиция мәселелерін шешу бойынша ұсыныс жасауға 10 күн берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елдегі инвестиция тарту жүйесін толықтай жаңғыртуды тапсырды.
"Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы, қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция – тарту кезек күттірмейтін мәселе. Бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министірлік құрудың қажеті жоқ. Бірақ көзге оттай басылатын нәрсе, елімізде бірде бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті жетім бала сияқты 3-4 мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан премьер-министр 10 күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс. Бұдан бөлек, үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырамын", – деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау комитеті деп өзгертуді тапсырды.
"Айта кету керек, Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен жақсы жұмыс жүргізді. Қазынаға шамамен 850 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражатқа 10 мектеп пен 4 спорт нысаны салынды, 235 денсаулық сақтау нысанының құрылысы мен жаңғыртылуы, сондай-ақ 177 су инфрақұрылымы нысаны жүзеге асырылды", – деді мемлекет басшысы.