Қытайдың кеден басқармасы таратқан дерекке сәйкес, тамыз айында елдің экспорты артқанымен, соңғы айлармен салыстырғанда өсім қарқыны баяулаған
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Тамыз айындағы экспорт көлемі 321,8 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,4%-ға артқан. Ал шілдеде бұл көрсеткіш 7,2% болған. Импорт көлемі 219,5 млрд АҚШ долларына жетіп, 1,8%-ға көбейген.
Сарапшылардың айтуынша, Қытайдың үлкен сауда балансы профициті АҚШ пен Еуропалық одақ сынды негізгі сауда серіктестері арасында пікірталас туғызып отыр. Қытай тауарларының арзан бағасы тұтынушылар үшін тиімді болғанымен, өзге елдердегі өндірістік жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін.
Ресми мәліметке сәйкес, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында Қытайдың экспорты импорттан 785,3 млрд АҚШ долларына артық болған.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп биыл қызметіне кіріскеннен кейін Қытайдан әкелінетін тауарларға қосымша 30%-дық баж салығын енгізген еді. Бұған жауап ретінде Қытай да өз тарапынан тарифтер енгізді. Қос мемлекет қазір сауда келісіміне қатысты келіссөздер жүргізуде.
Тамыз айында Қытайдың АҚШ-қа экспорты 33%-ға төмендеп, 47,3 млрд долларды құрады. Ал АҚШ-тан Қытайға импорт 16%-ға азайып, 13,4 млрд долларға дейін төмендеген.