Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мемлекет үшін маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, аймақтағы инфрақұрылымдық жобалар өңірлік белсенділікті арттыруға елеулі ықпал етеді. Мемлекет басшысы авиация саласының аймақтық дамудағы рөліне тоқталып, соңғы жылдары бірқатар әуежайдың жаңартылғанын айтты.

«Өткен жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды. Алдағы уақытта Зайсан мен Қатон-Қарағайдағы әуежай құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ, Арқалық әуежайы да қалпына келтірілуде. Бұл жобалар өңір экономикасының серпін алуына мүмкіндік береді», – деді Президент.

Сонымен бірге, Тоқаев басқа да салалардағы бастамаларға тоқталып, олардың да аймақтарға жаңа тыныс беретінін жеткізді.

«Жалпы, Торғай аймағының дамуы үкіметтің басты назарында болуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.