Қоғамда "Заң және тәртіп" қағидасын түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы орган арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда дәл осы жайттарға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Бұл – ең алдымен, ешқандай құқықбұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным.

Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқықбұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады.

Ашығын айтуымыз керек, қазіргі уақытта адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады, – деп алаңдаушылық танытты Президент.

Өкініштісі, олардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс.

– Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек. Ұлы Абай "Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" деп бекер айтпаған.

Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет.

Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз.

Кез келген кедергіден өтеміз.

Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын.

Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек. Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы. Оны бізден ешкім тартып алмайды, оған алаңдауға еш негіз жоқ, – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.