Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауында көтерілген парламенттік реформа мәселесіне тоқталып, бұл шешімнің оңай болмағанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында парламенттік реформа жасау қажеттігі туралы шешімге келгенін көрдік. Ол кісінің өзіне де айту оңай болмағаны байқалды. Өйткені өзінің қызмет атқарған, он шақты жыл басшылық жасаған жері. Оны біз сезініп отырдық. Бір палаталы Парламент құру реформа арқылы шешім қабылданып, өзгерістер жасалатын жағдайда тиімді болуы мүмкін деп есептеймін», деді Нұртөре Жүсіп.

Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің саяси жүйесін дамытуға қатысты жаңа бастама көтерді. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстанда бір палаталы Парламент құру мәселесін қоғамдық талқылауға шығаруды ұсынды.