Депутат айтқан тағы бір маңызды дағды – оқу сауаттылығы .

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жасанды интеллект заманында мектептерде бағалау жүйесін өзгерту қажет екенін алға тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер "Мұғалімдерге Қытайдың DeepSeek-і тиімді ме, әлде АҚШ-тың ChatGPT-і тиімді ме?" деп сұрады.

"Біз мектептерде ChatGPT-мен, әлде Gemini-мен, DeepSeek-пен оқытамыз деп айтып отырған жоқпыз. Жалпы мектептерге жасанды интеллектіні енгізу деген балаларды отырғызып қойып "оң кнопканы бас, сол кнопканы бас, мынадай сөзді енгіз" дегенді білдірмейді. Өйткені, біз шындықты айтуымыз керек. Біздің балалар бізден де белсенді. Олар жасанды интеллектіні кәдімгідей қолданып жатыр. Тіпті басым көпшілігі үй жұмыстарын ЖИ-мен жасап жатыр. Сондықтан олар үшін ол үлкен жаңалық емес. Бірақ мәселе ЖИ-ді оқыту деген бірінші кезекте оның жұмыс істеу тәртібін түсіну. Ол үшін біз ақпаратты міндетті түрде тексеруіміз керек екенін түсінгеніміз жөн", – деді депутат Үкімет үйіндегі кулуарда.

Оның айтуынша, ЖИ қолданғанда фактчекинг жасау да маңызды.

"Оны этикалық тұрғыдан дұрыс қолдану керек. Өйткені жай ғана үй тапсырмасын жасап беру этикалық тұрғыда дұрыс емес. Академиялық адалдық қағидаларын міндетті түрде сақтау. Біз мектептерде бағалау жүйесін өзгертуіміз керек. Қазіргі уақытта үй тапсырмаларының өздерін ЖИ-мен тез орындап аламыз. Ендігі жасанды интеллект заманында тек қана шешімді емес, соған рәсімдерді қарауымыз керек. Бала бұл тапсырманы қалай шешті? Ойлау қабілеті қандай? Жасанды интеллект бойынша ол кез келген мәселені шешіп алуы мүмкін. Бірақ соны қалай шешті деген мәселеге назар аударуымыз керек", – деп атап өтті Аймағамбетов.

Депутат айтқан тағы бір маңызды дағды – оқу сауаттылығы.

"Оқу сауаттылығы деген тез-тезден зырылдатып мәтінді оқып шығу емес, оқығаныңды түсіне білу. Міне, бұл жерде біздің балаларымызда үлкен қиындық бар. Ал ЖИ заманында ол оқу сауаттылығы өте маңызды. Жалпы, жасанды интеллект дегеніміз ол тіл. Сен жақсы тілді игермесең, жасанды интеллектпен жұмыс істей алмайсың. Кейбір адамдар ЖИ-ді сенетін құрал ретінде таниды да, бірақ бұл олай емес. Біз соны да үйретуіміз керек. Ол жай ғана тиісті ақпаратпен үйретілген құрылғы", – деді мәжілісмен.

Айта кету керек, бұған дейін депутаттар Президенттің бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысына қатысты пікір білдіргенін жазғанбыз.