Қазақстандық былғары қолғап шеберлері қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді.
Ливерпульде World Boxing ұйымдастырумен алғаш рет өтіп жатқан әлем чемпионаты жалғасуда. Кезекті жарыс күні 57 келіде Карина Ибрагимова 5:0 есебімен Элис Глинді жеңіп, әлем чемпионатының ширек финалына өтті.
70 келіде Наталья Богданова Санамача Чокчомнан айласын асырып, ширек финалға өтті. Есеп — 5:0.
Әлем чемпионатының 1/4 финалы аясындағы жекпе-жек Сема Чалышканмен 9 қыркүйекке жоспарланған.
Ертуған Зейнулинов (65 келі) Хуго Грауды (Франция) 5:0 есебімен жеңді.
80 келіде Гүлсая Ержан әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде литвалық Ивета Лесинскитені жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Есеп — 3:2. Гүлсая 10 қыркүйек күні Есета Флинтпен (Австралия) кездеседі.
Төрехан Сабырхан Нидерланды өкілі Фин Роберт Боспен жұдырықтасып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. 70 келідегі 1/4 финал 10 қыркүйекке жоспарланған.
90 келіде Сағындық Тоғамбай ирландиялық Джэк Майкл Марлеймен жекпе-жек өткізді. Нәтижесінде Сағындық 4:1 есебімен жеңіске жетті. Ендігі кездесу 10 қыркүйек күні өтеді. Қарсылас Грекия–Өзбекстан текетіресінде анықталады.
65 келіде Аида Әбікеева кореялық Сукюнг Кангтан басым түсті. Есеп — 5:0. Енді ол ширек финалда шаршы алаңға шығады.
60 келіде Бейбарыс Жексен Үндістан боксшысы Сачин Сачинді 4:1 есебімен жеңіп, 1/4 финалға өтті. Келесі кезеңдегі қарсылас Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоков (Өзбекстан) болмақ.
Аса ауыр салмақта Айбек Оралбай Түркия боксшысы Муджахит Ильястан айласын асырды. Жекпе-жек нәтижесі — 5:0. 10 қыркүйек күні Айбек ширек финал аясында Лука Пратлджачичпен (Хорватия) кездеседі.
Сабыржан Аққалықов (75 келі) украиналық Павло Илюшаға 3:2 есебімен жол беріп, әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады. Бұған дейін Надежда Ряябец Лина Уангтан 0:5 есебімен жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Сондай-ақ 54 келіде сынға түскен Элина Базарова өзбекстандық Нигина Уктамоваға 0:5 есебімен ұтылды. Осылайша әлем чемпионатында 20 боксшыдан әзірге 17 қазақстандық боксшы қалды.
Бүгін, 9 қыркүйек әлем чемпионатында шаршы алаңға шығатын қазақстандық боксшылар:
16:00
51 келі. Алуа Балқыбекова - Гаюн Мун (Корея)
60 келі. Виктория Графеева - Люси Кингс-Уитли (Англия)
55 келі. Махмуд Сабырхан - Башким Бажоку (Косово)
80 келі. Нұрбек Оралбай - Тоқтарбек Таңатхан (Қытай)
22:00
48 келі. Назым Қызайбай - Лила Зелецкий (Венгрия)
50 келі. Санжар Тәшкенбай - Хутхайха Эшиш (Иордания)
85 келі. Бекзат Нұрдәулетов - Георгий Кушиташвили (Грузия)
70 келі. Наталья Богданова - Сема Чалышкан (Түркия)
65 келі. Ертуған Зейнулинов - Патрис Мугалзай (Англия)
Жекпе-жектерді тікелей эфирде QAZSPORT арнасынан тамашалауға болады.