Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды Egemen .kz.
Мәдени-спорт кешенінде мұражай, кітапхана, көрме залы, асхана, конференция залы, спорт орталығы, спортшылар киім ауыстыратын және басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған. 148 орындық амфитеатр стилінде салынған кешенде ауылдық, аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде күрестің кәсіпқой және олимпиадалық түрлері: еркін күрес, дзюдо, қазақша күрес, самбо күресінен жарыстар өткізуге мүмкіндік жасалған. Халықаралық автожол бойында салынған заманауи кешенде туристер үшін де барлық жағдай қарастырылған. Ғимарат ішіндегі 138 орындық конференция залы, 48 орындық асхана мен 126 адамға лайықталған шағын көрме залы, кітапхана туристер үшін тәулік бойы қызмет көрсетеді.
– Мәдени-спорт кешенінің ашылуы – өңірімізде спорт пен мәдениетті, сонымен қатар туризмді дамытуға жасалған маңызды қадам. Қазақ батыры Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі берілген бұл кешен тек спорт пен мәдениеттің орны ғана емес, сонымен қатар бабамызға деген құрметтің белгісі. Балуан бабамыз өмірінің соңғы кездерін осы мекенде өткізген. Оның кесенесі де осы аумақта орналасқан. Бұл игі бастама бабамыздың спорттағы ұлы жетістігін ұрпаққа үлгі етуге бағытталған, – деді нысанның ашылу салтанатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Бес гектар аумақта орналасқан, 3 ғимараттан тұратын кешеннің жалпы ауданы – 3 622 шаршы метр. Жоба құны – 1,3 млрд теңге.