Бірінші сынып оқушылары үшін ата-аналар 1500 теңгеден, ал төртінші сыныптағылар 2500 теңгеден төлеген.
Ақсу қаласындағы Абай атындағы орта мектепте бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарынан жұмыс дәптерлері үшін ақша жиналғаны белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ата-аналардың айтуынша, дәптерлерді сатып алу соңғы жылдары әдетке айналған. Олар бұл әрекетті заңсыз деп есептейді, өйткені жұмыс дәптерлері бюджет есебінен тегін берілуі тиіс.
– 2021 жылдан бері өзіміз сатып алып келеміз. Бұрын ауылда тегін алатынбыз, қалаға келгенде неге ақылы болғанын түсінбеймін. Бірінші сыныпқа дүниетану мен жаратылыстану, ал төртінші сыныпқа қызықты математика, дүниетану және жаратылыстану дәптерлерін ата-аналар өз қаржысымен алып отыр. Ата-аналар комитеті дәптерлерді көтерме бағамен алдыру тиімді деп ақша жинауда. Бұл іске сынып жетекшілері де араласуда, – дейді ата-аналардың бірі.
Мәселен, Абай мектебінде бір ғана 4-сыныпта 27 оқушы оқиды. Әрқайсысынан 2500 теңгеден жиналса, барлығы 67 500 теңге шығады. Ал мектептегі төртінші сыныптардың саны – 9. Сондай-ақ биылғы оқу жылында 10 бірінші сынып ашылып, олардың әрқайсысында шамамен 24 оқушы бар. Осылайша жиналған қаражаттың көлемі миллион теңгеге жуықтайды.
Бұл жағдайға қатысты Павлодар облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету басқармасының басшысы Гүлнәр Үздембаева түсініктеме берді:
– Дәптерлер мектептерге толық көлемде жеткізілді. Жұмыс дәптерлерін сатып алуға ата-аналардан ақша жинауға заң бойынша тыйым салынған. Сұрақ туындаған жағдайда ата-аналар басқармаға 8 (718) 37 6-59-41 телефоны арқылы хабарласа алады, – деді ол.
Ал мектеп директоры Шолпан Кариева ақша жиналып жатқанынан хабарсыз екенін айтып, бұл іске мұғалімдердің араласуына жол берілмейтінін мәлімдеді:
– 2022 жылдан бастап бірінші сыныптар "Әліппе", "Математика", "Ана тілі" пәндері бойынша тегін жұмыс дәптерімен қамтамасыз етіледі. Жеткіліксіздік болуы мүмкін емес. Өзге пәндер бойынша дәптер алу ата-ананың еркі. Егер педагогтердің араласқаны анықталса, шара қолданылады, – деді мектеп басшысы.
Өңірлік білім беру басқармасы да бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, тек бірінші сыныптарға ғана жұмыс дәптерлері міндетті түрде тегін берілетінін, ал жоғары сыныптарда мұндай талап жоқ екенін жеткізді. Сондай-ақ, ата-аналардың өз еркімен дәптер сатып алуына ешкім тыйым сала алмайтынын, бірақ бұл іске мектеп әкімшілігі немесе мұғалімдер араласпауы тиіс екенін атап өтті.