Басқасын айтпағанда , биліктегі партиялардың өзі толыққанды қалыптасып үлгермеді. Ал, бір палаталы Парламент сол кемшілікті түзеп, елдегі саяси жүйенің тұрақтылығын көтереді. Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов осындай пікірде, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін сарапшылар бас қосып, Президент Жолдауындағы тарауларды жан-жақты талқылады. Олар Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты «Ғылым. Пікір. Саясат» атты ұлттық сараптамалық алаңында ой қорытты.

Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы:

- Бір палаталы Парламент біздің мемлекетіміздің унитарлық табиғатына да жақын, екіншіден, саяси жүйенің тұрақтылығын арттырады. Үшіншіден, партиялар қалыптасуға жаңа ынта-жігер пайда болады деп ойлаймын. Себебі Қазақстан саяси жүйесінің әзірге бір кемшін тұсы – саяси партиялар толыққанды қалыптасып үлгерген жоқ. Биліктегі партиялар да, басқа партиялар да әлі қалыптасу үстінде. Ендеше оларға мына партиялық тізіммен сайлауға серпін береді деп ойлаймын.

Енді 3 жылда цифрлы мемлекетке айналамыз. Бұл міндет вице-премьер деңгейіндегі лауазым иесіне жүктеледі. Осы ретте арнайы министрліктің алдында жасанды интеллект үдерістерін үйлестіру негізгі талап. Ал, технология тұрғысынан бәлендей проблема жоқ. Себебі, экожүйе қалыптасқан, инфрақұрылым жасалып жатыр. Біріккен ұлттар ұйымының өлшеміне сәйкес елде аталған салада өрлеу бар.

Альтаир Ахметов, Astana IT университетінің ректоры:

- Электрондық үкіметтен біз «ақылды үкіметке» айналып жатырмыз. Ол дегеніміз, жасанды интеллект арқасында біраз процесстерді ашық әрі тиімді етіп жасауға мүмкіндік бар. Халыққа және бизнеске цифрлық технологияларды пайдалануға тиімді және жеңілдету мәселесін қарастыру керек.