Алматы облысының Бесағаш ауылында 20 жастағы жігіт көпқабатты үйден құлап, көз жұмған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлеуметтік желілерде «Аспан Сити» тұрғын үй кешенінде қайғылы оқиға орын алғаны туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, 20 жастағы жігіт 12-қабаттағы балконнан құлап кеткен.

Аталған деректі Алматы облыстық полиция департаменті растады. Ведомствоның мәліметінше, оқиға 8 қыркүйек күні Бесағаш ауылындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Марқұм Алматы қаласының тұрғыны екені анықталған.

«Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, ер адамның өз-өзіне қол жұмсауға бірнеше рет әрекеттенгені жоққа шығарылмайды», делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу қорытындысы бойынша заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.