Израиль Қатар астанасы Дохада ХАМАС-тың жоғарғы басшылығына соққы жасады . Жарылыстан ұйым жетекшілері қаза тапқаны хабарланды. Қатар бұл әрекетті халықаралық құқықты бұзу деп айыптады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қатар астанасы Дохада 9 қыркүйек күні бірқатар күшті жарылыс болды. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл Израильдің ХАМАС-тың жоғары лауазымды өкілдеріне бағытталған әскери операциясы болған.
Al Jazeera мен Al Arabiya дереккөздері соққы ХАМАС делегациясына жасалғанын хабарлады. Олар Дохада АҚШ президенті Дональд Трамптың атысты тоқтату жөніндегі бастамасына қатысты келіссөздер жүргізіп жатқан. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, қаза тапқандардың қатарында ХАМАС-тың бас келіссөз жүргізушісі Халиль аль-Хайя, ұйымның Батыс жағалаудағы жетекшісі Захер Джабарин, сондай-ақ Халед Машал мен Низар Авадалла бар.
Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда қаланың үстін қара түтін басқаны байқалады. Израильдің «12-арнасы» ресми дереккөзге сілтеме жасап, нысанаға ХАМАС-тың штаб-пәтері алынғанын хабарлады. Израиль билігі бұл операцияны «ұйымның жоғарғы басшылығына бағытталған дәл соққы» деп сипаттады.
Қатар билігі бұл шабуылды халықаралық құқықты өрескел бұзу деп айыптады. Reuters-тің хабарлауынша, Израиль АҚШ-ты алдын ала ескерткен, ал америкалық дипломатиялық өкілдіктер қауіпсіздік шараларын күшейтті.