ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов "Президент Жолдауы: Қазақстан дамуының алдағы бағыттары" тақырыбында өткен отырыста Alatau City жобасына қатысты пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, жобаға қазірдің өзінде ірі инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр.
– Шетелдік инвестициялар көлемінің азаюы – жаһандық үрдіс. Бұл тек біздің өңірде емес, бүкіл әлемде байқалуда. Сондықтан Қазақстан күтуші позициясында бола алмайды. Ел ірі инвесторларды тарту үшін ерекше ұсыныстарға ие болуы керек. Солардың бірі – Alatau City жобасы. Бұл дәстүрлі инвестиция тарту моделінен ерекшеленеді. Енді біз "Міне, дайын инфрақұрылымы бар, инвестицияға лайықты ерекше орта" деп ұсынып отырмыз. Бұл қала өзінің институционалды ортасын, артықшылықтарын, тіпті жеке юрисдикциясын қалыптастырады, – деді Жандос Шаймарданов.
Институт директоры Alatau City еліміздегі тұңғыш толықтай жеке инвестициялар есебінен бой көтеретін қала болатынын атап өтті.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін Астана мен Түркістан бюджеттік инвестициялар арқылы дамыды. Ал Alatau City толықтай жеке инвесторлар есебінен салынатын болады. Бұл шектеулі қаржы жағдайында инвестиция тартуға таптырмас мүмкіндік, – деді ол.