Еліміз ең төменгі жалақыны айқындау тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітеді.

Мәжілістің жалпы отырысында "Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ратификациялау туралы шешім қабылданғанға дейін ұлттық заңнаманы №131 Конвенцияның ережелеріне сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, 2024 жылы Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарын ескере отырып әзірленген айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесі бекітілді. Аталған Әдістемеге сәйкес ең төменгі жалақы медиандық жалақы мен еңбек өнімділігі негізінде анықталады", — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Бұл тәсіл белгіленген ең төменгі жалақы деңгейінің әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық негізділігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, қолданыстағы заңнама №131 Конвенцияның ережелеріне сәйкес келеді.

№131 конвенцияны ратификациялау:

— Қазақстанның ең төменгі жалақыны айқындайтын қолданыстағы тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітуге;

— әлеуметтік диалогтың құқықтық базасын әсіресе, ең төменгі жалақыны белгілеуге тараптардың қатысуы бөлігінде нығайтуға;

— Халықаралық еңбек ұйымына мүшелік шеңберінде Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне адалдығын растауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, бұған дейін бұған дейін 85 мың теңге жалақыны қанша азамат алып отырғанын жазғанбыз.