Елімізде банк ашу және оларға лицензия беру тәртібі жеңілдетіледі. Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу туралы қаулы қабылдады, деп жазады Egemen.kz.

Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның айтуынша, заң жобасы 2025 жылдың 29 тамызында үкімет қаулысымен мәжіліске енгізілген. Бұл құжат мемлекет басшысының қаржы секторын дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген. Жоба банк қызметін жетілдіруге, жаңа банктердің ашылуына жағдай жасауға және банк секторындағы бәсекелестікті арттыруға бағытталған.

Заң жобасы бойынша бизнесті несиелендіруді жеңілдететін базалық банктік лицензия енгізу көзделген. Сонымен бірге қаржылық ұйымдардың басшыларына қойылатын талаптар күшейтіледі. Енді банктер мен қаржы ұйымдарын басқаруға тек кәсіби дайындығы жоғары, білікті мамандар ғана тағайындалады.

Тағы бір маңызды жаңалық ретінде төлемге қабілетсіз банктердің қызметін реттеу тетіктері енгізіледі. Бұл салымшылардың мүдделерін қорғауға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заң жобасы аясында ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылым құру және цифрлық теңге мен цифрлық активтердің айналымы үшін заңнамалық база әзірленеді.