9 қыркүйек күні Израиль әскері Дохадағы бірнеше нысанға әуе шабуылын жасады. Соққы жасалған орындардың арасында ХАМАС саяси бюросы өкілдерінің резиденциялары да болған. Бұл кездесу АҚШ ұсынған Газа секторындағы атысты тоқтату жөніндегі бастаманы талқылау үшін ұйымдастырылған еді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жарылыстардан кейін Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігіне қатысты сұрақ туындады. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев ресми мәлімдеме жасап, Қатарда жүрген отандастарымыздың зардап шекпегенін хабарлады.
– «Зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ. Ешкімге қауіп төнген жоқ. Қазір Қатарда шамамен 1,5 мыңға жуық Қазақстан азаматы бар», – деді Әлібек Бақаев.
Министрлік жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын жеткізді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтарға эвакуация немесе қосымша қауіпсіздік шараларын қолданудың қажеті жоқ.