Бұл процесс Оңтүстік Корея Республикасындағы ішкі жағдайлар себебінен созылып отыр.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжіліс отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың миграция заңын бұзбауы және еңбек визасы аяқталғанда елге қайту мәселелерін шешу тетіктері туралы сұрақ қойды.
"Негізі сіздің сыныңызды қабылдаймын. Дұрыс айтасыз, бір жыл болды ратификациялаймыз деп айтқанымызға. Корея Республикасында болған жағдайлар өздеріңізге мәлім. Бұл Президенттің кеткені, одан кейін екі-үш айдай (еңбек) министрі тағайындалмады, ол сұрақтар қаралмады, сонымен созылып кетті. Қазір Корея тарапы бізге қайтадан талап қойып отыр. "Жол картасын қабылдаңдар, онда нақты іс-шараларды жазыңдар, Кореяда заңсыз жүрген азаматтарды республикаға қайтып алып кетіңдер" деген талап", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Қазір Еңбек министрлігі Ішкі істер министрлігімен, ҰҚК-мен бірге жұмыс істеп жатыр.
"Жобаның жоспарын бердік, құжат Корея жағында қаралып жатыр. Егер олар қабылдаса, негізі қол қоюға даярмыз деген. Сондықтан соған сенеміз. Біз жыл аяғына дейін өзімізге мақсат қойып отырмыз", – деді ведомство басшысы.