Семинар ШЫҰ-ның өңір елдері арасындағы тұрақты диалогты нығайтуға арналған негізгі платформа ретіндегі рөлін растады.
Қытайды зерттеу орталығы Астанада «ШЫҰ аясында жасыл дамуды бірлесіп ілгерілету» халықаралық семинарын өткізді.
Бұл шара экология, тұрақты даму және Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігіндегі өңірлік ынтымақтастықтың жаңа форматтарын талқылау үшін дипломатиялық корпус, бизнес, ғылыми қауым және халықаралық ұйымдардың жетекші өкілдерін біріктірді.
Семинар Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенованың алғысөзінен басталды. Ол экологиялық жауапкершілік мәселелері ұлттық және жаһандық саясаттың негізгі бөлігіне айналып отырғанын атап өтті. Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде танылды. Ерекше назар «Таза Қазақстан» жобасының жетістіктеріне, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Тяньцзиньде өткен ШЫҰ саммитінде жариялаған жаһандық басқару бастамасына аударылды. Аталған саммитте энергетика, жасыл өнеркәсіп және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастықтың үш жаңа платформасы ұсынылған болатын.
ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің Кеңесші-Уәкілі Гоу Юнхай өз құттықтау сөзінде Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ Саммитінде жаһандық басқару бастамасын ұсынғанын атап өтті. Бұл бастама халықаралық күн тәртібінің жаңа бағдары ретінде әділ әрі көпжақты жаһандық тәртіпті нығайтуға, егемендікті құрметтеуге, практикалық үйлестіруге және ашық ынтымақтастыққа шақырады. Сонымен қатар бірлескен ынтымақтастықтың алты жаңа платформасының құрылатыны жарияланды: үшеуі қолданбалы – энергетика, жасыл өнеркәсіп және цифрлық экономика салаларында, сондай-ақ үш платформа – ғылыми-технологиялық инновациялар, жоғары білім беру және кәсіптік-техникалық оқыту салаларында. Қытай ШЫҰ Даму Банкін құруды, гуманитарлық және қаржылық көмек көрсетуді (оның ішінде миллиардтаған юань көлемінде гранттар мен несиелерді) және жасанды интеллект саласында ынтымақтастық орталығын құруды ұсынды.
Оқи отырыңыз: ШЫҰ саммиті жаһандық басқарудың жаңа парағын ашты
ШЫҰ Хатшылығының Кеңесшісі Қазыбек Кочконов Қытайдың ШЫҰ-дағы төрағалығы Тұрақты даму жылы аясында өткенін және экология, энергетика және жасыл трансформация бойынша кешенді күн тәртібінің қалыптасуына әкелгенін айтты. Жасыл өнеркәсіпті дамытуға, технологиялық жаңғыртуға және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған негізгі құжаттар мен саяси мәлімдемелер қабылданды. Саммиттің қорытындыларын іске асыруға ықпал ететін практикалық ұсынымдарды әзірлеуде сараптамалық қауымның рөлі ерекше екені атап өтілді.
Сарапшылар, дипломаттар және бизнес өкілдері мемлекеттердің, халықаралық институттардың және жергілікті қоғамдардың біріккен күш-жігері Еуразияның тұрақты болашағын қалыптастыруға, климаттың өзгеруімен байланысты қатерлерді азайтуға, өңірдің су және энергетикалық ресурстарын сақтауға, сондай-ақ жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес жасыл экономика мен инновациялар жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген пікірде.
Халықаралық семинар ШЫҰ-ның бірлескен экологиялық бастамаларды қалыптастыру мен ілгерілетуге, жасыл стандарттарды интеграциялауға және өңір елдері арасындағы тұрақты диалогты нығайтуға арналған негізгі платформа ретіндегі рөлін растады.