2026 жылы Өзбекстан Қазақстанға 900 миллион киловатт-сағат электр энергиясын жеткізеді. Бұл туралы Energy Monitor хабарлады.

Электр энергиясы Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі электр станцияларында жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде туындауы мүмкін тапшылықты өтеу мақсатында жеткізілмек.

Келісім Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен үшжақты келіссөздер барысында жасалды. Кездесуге Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетика және су ресурстары саласындағы уәкілетті органдары қатысты.

Тараптар Токтогул су қоймасынан су жіберу және электр энергиясын өзара жеткізу мәселелері бойынша тиісті хаттамаларға қол қойды.

Сондай-ақ келісімге сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізуді қамтамасыз етумен қатар, Ресейден келетін энергия транзитін өздерінің электр желілері арқылы жүзеге асырады.