Қазақстанда орта білім беру ұйымдарының педагогтерін біліктілігін арттыру мақсатында бүгінге дейін 13 мыңға жуық мұғалімді қамтыған 515 курс өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қатысушылардың 62%-ын, яғни 8 мыңнан астамын ауыл мектептерінің мұғалімдері құрайды. Бұл көрсеткіш ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, курстар 41 білім беру бағдарламасы бойынша ұйымдастырылды, оның 24-і пәндік даярлыққа бағытталған. Сонымен қатар инклюзивті және арнайы білім беру, жаһандық құзыреттер, SMART-оқыту және STEM-білім беру бағыттары бойынша 4 мыңға жуық педагог біліктілігін арттырды. Сондай-ақ Астана қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы мақсатты мектептердің педагогтеріне арналған 11 негізгі пән бойынша 557 курс өткізілді. Аталған курстардан барлығы 12 122 мұғалім өтті.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогтердің кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. 2025 жылдың соңына дейін 70 мыңға жуық педагогті біліктілікті арттыру курстарымен қамту жоспарланған. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру саласында цифрлық дағдыларды дамытуға арналған бағдарламаны іске асыру көзделіп отыр.