Бұл ғаламшарда ежелгі тіршілік белгілері анықталды.

Былтыр NASA-ның Perseverance марсоходы дақтары бар тасты анықтады. Ғалымдар бұл тасты зерттеп, Марста бұрын тіршілік болуы мүмкін деген болжам жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты АЗЕРТАДЖ басылымына сілтеме жасап.

Nature журналында жарияланған мақалада көрсетілгендей, бұл жаңалық Марста тіршілік болуы мүмкін деген болжамды растауы мүмкін.

Нью-Йорктегі Стоуни-Брук университетінің мамандары зерттеген тас екі минералдан тұрады. Болжам бойынша олар химиялық реакциялар нәтижесінде пайда болған.

"Бұл – ең маңызды жаңалықтың бірі. Perseverance Дональд Трамптың президенттігінің алғашқы мерзімінде ұшырылды. Бүгінге дейінгі зерттеулердің ішінде Марста тіршілік болғанын дәлелдейтін ең негізгі айғақтың бірі", – деді NASA әкімшісі Шон Даффи.

Sapphire Canyon деп аталған үлгі Perseverance марсоходымен Неретва аңғарының шетіндегі жартастардан алынған. 3 миллиард жылдан астам уақыт бұрын өзен Езеро кратеріне құйылып отырған.