Келер жылдан бастап Қазақстандағы барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы бірыңғай KPI көрсеткіштері арқылы бағаланатын болады.
Бұл туралы Мәжілісте өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, өңірлер келесі жылға арналған жаңа Бюджет кодексіне сәйкес өздерінің даму жоспарларын әзірлеп жатыр. Бұл құжат әкімдердің негізгі жұмыс құралына айналады.
"Ұлттық даму жоспары бар. Онда нақты индикаторлар бекітілген және мемлекеттік органдар мен өңірлерге бөлінген. Әр өңірдің өз мақсатты көрсеткіштері болады. Жоспарда инвестиция тарту мәселесі де қарастырылған. Яғни қандай жоба, қай салада және не үшін жүзеге асырылатыны айқын жазылады. 2026 жылдан бастап KPI көрсеткіштері енгізіліп, барлық әкімдерге бірдей қолданылады", – деді ол.