Үржар мен Аягөзде көпсалалы ауруханаларға қосымша корпустар салынып жатыр .
Қазақстанда заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен әлеуметтік нысандар салу жалғасуда. Арнаулы мемлекеттік қордан Абай облысына денсаулық сақтау саласындағы жобаларды жүзеге асыруға 5,6 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Қаражат өңірдегі инфрақұрылымды жақсартуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Үржар ауданында бұл қаржыға көпсалалы орталық аудандық ауруханаға қосымша корпус салынып, заманауи медициналық техника орнатылады. Ал Аягөз қаласында қосымша корпус бой көтеріп, онда магниттік-резонанстық томограф орналастырылады. Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобалардың жүзеге асуы өңір тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамту мүмкіндігін кеңейтеді.
Оқи отырыңыз: Абай облысында 1,5 млрд теңгеден асатын контрафактілік темекі өнімі жойылды
Бұған дейін Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Семей қаласында 100 орындық медициналық-әлеуметтік психоневрология мекемесін салуға 2,6 млрд теңге бөлінген еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде жаңғырту жалғасатынын атап өткен болатын. Оның ішінде "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында бүгінде 540 нысанның құрылысы салынды.