Кореяның Чхунчхон қаласында Қазақстан мен Корея құрамалары арасында Дэвис кубогының Әлемдік І тобы плей-офф кезеңінің матчтары басталды.
Бұған дейін командалар екі рет кездескен. 2007 жылы кореялықтар 5:0 есебімен жеңіске жетсе, 2010 жылы Астанада қазақстандықтар реванш алды — 5:0.
Ойын күнін Александр Шевченко мен Корея Республикасының тарихында алғаш рет "Үлкен дулыға" турнирінің (Australian Open 2018) жартылай финалына шыққан, әлемнің бұрынғы 19-ракеткасы Чон Хён арасындағы матч ашты. Бір жарым сағат ішінде Шевченко жеңіске жетті — 6:4, 6:3. Бұл оның Қазақстан құрамасы сапындағы Дэвис кубогындағы жекелей матчтардағы екінші жеңісі.
Шевченконың табысының арқасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте алға шықты. Келесі болып кортқа Қазақстан құрамасының көшбасшы ойыншысы Александр Бублик шығады. Оның қарсыласы 2021 жылғы ATP 250 Astana Open турнирінің чемпионы Квон Сун У болады.