Қызылордалық жастарға арналған бағдарламаға қатысушылар өтініш пен құжаттарын электронды түрде kezekte.kz сайтына тіркеп, «Жұмыс істейтін жастарға арналған «SyrJastary» жеңілдетілген ипотекалық несие беру» сервисінде жүзеге асыра алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюповтың айтуынша бағдарламаның жалпы құны 1 млрд 700 миллион теңге, оның 1 млрд 200 млн теңгесі облыстық бюджеттен бюджеттік несие ретінде бөлінсе, 500 млн теңге «Отбасы банкі» арқылы қарастырылып отыр.

Былтыр облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен аймақ жастары үшін жеңілдетілген ипотекалық несие беруге бағытталған бағдарлама аясында 100 жас баспаналы болған. Бағдарламаға ұсыным беру 15 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады. Одан кейін, жиналған балл саны бойынша ең көп балл жинаған қатысушылар іріктеледі, оларға электронды жолдама беріледі. Жолдаманы алған жастар «Отбасы банкінде» төлем қабілеттілігін растағаннан кейін келісім-шарт рәсімделіп, үй табысталатын болады.

Облыс, қала, аудандық жастар ресурстық орталықтарында «Сыр жастары» бағдарламасы бойынша кеңес беріп, құжат ұсынуға көмек беріледі.