Маңғыстаудағы ірі жол апатынан қаза тапқандардың туыстары арнайы Ұлттық ұлан бортымен өңірге аттанды. Олар марқұмдарды сәйкестендіру рәсімдеріне қатысып , қажетті құжаттық және ұйымдастыру шараларын жүргізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бортта денелерін сәйкестендіру және басқа қажетті рәсімдерді өткізу үшін жол-көлік оқиғасында қаза тапқандардың туыстары ұшып барады. Борт қаза тапқандардың денелерін өз аймақтарына жеткізу үшін де пайдаланылады. Қаза тапқандардың ішінде бес әйел Қарағанды облысынан, біреуі Астана қаласының тұрғыны.
«Бұл шара қаза тапқандардың отбасыларына жедел көмек көрсету, денелерді сәйкестендіру рәсімдеріне қатысу, оларды тасымалдау және кейінгі жерлеу ұйымдастыру жұмыстарын оперативті шешу мақсатында ұйымдастырылды», деді ІІМ ресми өкілі — департамент бастығы Шыңғыс Алекешев.
Айта кетейік, 11 қыркүйек күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Сенек елді мекенінен 90 шақырым жердегі автожолда жол апаты болып, 10 адам қаза тапты. Сонымен қатар жол апатынан аман қалған үш адамның жағдайы туралы жазған едік. Сондай-ақ 10 адамның өмірін қиған апаттан кейін жедел штаб құрылды.