LuLu Group International негізін қалаушы Премьер-министр Олжас Бектеновпен ынтымақтастық жоспарларын талқылады.

Бүгінде 70-тен аса мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын еліміз оның көлемін әлі де арттыруға ниетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясы Қазақстанда ет өңдеу зауыты мен агроөнімді тарататын орталық салуды жоспарлап отыр.

БАӘ инвесторы Юсуф Али Мусалям Виттиль Абдул Кадерге Үкімет басшысы Олжас Бектенов еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін байқатты.

– Агроөнеркәсіптік кешен дәстүрлі түрде ел экономикасында маңызды орын алады. Қазақстан бірлескен агротехнопарктер мен экспортқа бағдарланған логистикалық хабтар құрудан бастап электрондық коммерция мен басқа да жобаларды дамытуға дейін кооперацияны кеңейтуге ашық. Бұл үшін елімізде барлық қажетті жағдай жасалған, – деді ол.

Кездесу соңында мемлекеттік органдарға LuLu Group қатысуымен жобаларды іске асыруға қажетті көмек көрсету тапсырылды.

Еске салайық, Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан LuLu Group International әлемнің 20-дан астам елінде әртүрлі форматтағы 260-тан астам бөлшек сауда нысанын басқарады. Әрі Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің әріптестік кеңесі аймағындағы жетекші бөлшек сатушы және Азия нарығындағы ең ірі ойыншылардың бірі. Қазіргі уақытта LuLu Group өзінің географиясын белсенді түрде кеңейтіп, Қазақстанмен де ынтымақтастықты дамытуға күш жұмсап жатыр.